$ 542.8  637.84  6.49
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркияда Қазақстан азаматшасын көлігімен басып өлтірген адам 395 мың теңге айыппұлмен құтылған

Бұл туралы марқұмның әпкесі мәлім етті

Түркияда Қазақстан азаматшасын көлігімен басып өлтірген адам 395 мың теңге айыппұлмен құтылған
Фото: Бағдат Құлмағамбетовтің парақшасынан

Қазақстан азаматшасы Әлия Құлмағамбетова осыдан екі жыл бұрын, 13 қазанда Түркияның Аланья қаласында бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде жолдан өтіп бара жатқан: алайда, оны трассада қатты жылдамдықпен келе жатқан түрік қыз қағып кетіп, ажал құштырған еді. Күні кеше Түркия соты жол апатына кінәлі қызға 30 400 лира, яғни, 395 200 теңге айыппұл салып, босатқан, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы марқұмның әпкесі Меруерт Ибраева хабарлады. Өзге туыстары сияқты Меруертте сіңілісінің өмірі небары 395 мың теңгеге бағаланғанына налып, өкініш танытқан.

«Бүгін Түркияда сіңілім Әлияны қағып өлтірген адамның соты өтті. Тергеу 2023 жылдың 13 қазанынан бері тура екі жылға созылды. Отбасымыз ең бірінші сот отырысына қатысқанда жол апатына кінәлі қыздың көзінен еш өкініш көрмеген едік. Әрине, әділ тергеу болмайтынын түсінсек те бұндай болады деп күтпеген едік. Тергеу жүріп жатқанда әлгі бойжеткеннің tiktok-қа видео түсіріп, ән айтып, өміріне риза күйде жүргенін көрген сайын ішіміз удай ашыды. Ол тіпті жол апатынан кейін бірнеше апта өтпей жатып бұрынғы өміріне оралды. Яғни, адам өлтірген жүргізуші изоляторда отырған жоқ», - деп жазған Меруерт.

Оның айтуынша, сот кінәлі адамға алдымен 2,5 жыл жаза тағайындаған.

«Алайда, бұрын сотталмағанын ескерген сот оның жазасын 2 жыл бір айға қысқартты, ал артынша...артынша сіңіліміздің өліміне кінәлі оған 30 400 лира, біздің ақшамен санағанда 395 200 теңге айыппұл салды да босатты», - деп жазған автор.

Марқұм Әлияның отбасы қазір осы үкімді даулап, қайта шағым түсірмек. Оның үстіне, Меруерт Ибраеваның айтуынша, адам өлтірген бойжеткен небары 4 ай уақыт қана көлік жүргізе алмайды.

Серіктес жаңалықтары