Ақтаулық полицейлер жас жігітті тепкілеп, бүйрегін түсірген
Тәртіп сақшылары оның мойнына мал ұрлығына қатысты қылмысты ілгісі келген
Ақтау тұрғыны бір бүйрегінен полицейлердің соққысынан кейін айрылғанын дәлелдеді. Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің сақшылары оны өлтіреміз деп қорқытып, әбден тепкілеген, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Болған оқиға полицейлердің өздерінің қызметтік камерасына жазылып қалған екен. Тергеу барысында Ерасылдың кінәсіз екеніне және полицейлерден зәбір көргеніне осы бейнежазбалар дәлел болған.
«Полиция қызметкерлері мені ұрып-соққаннан кейін жасамаған қылмысты мойныма алдым. Басқа амалым болған жоқ. Кейін адвокат келіп, тағы сұрақ-жауап алған кезде ұрланған малды менің мойныма күшпен іліп жібергенін айттым», - дейді Ерасыл Карачулаков.
Тағы бір бейнекадрларда Ерасылдың полиция ғимаратына сап-сау кіріп, ақсаңдап әзер шыққанын аңғаруға болады. Жас жігіт бір қолымен бүйірін ұстап, қиындықпен қозғалады. Мұнан кейін ол ауруханаға түсіп, дәрігерлер оның бір бүйрегін алып тастаған.
«Баламды соққыға жыққанын экспертиза дәлелдеді. Алайда, прокуратура әлі көз жұмып отыр. Соққының қатты болғаны сонша, бүйрегі жыртылып кеткен. Мұндай адамдар полицияда жұмыс істемеуі керек. Олар түрмеде отыруы керек», - дейді Ерасылдың анасы Гүлнар Трапбекова.
Қазір жас жігітті ұрып-соққан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда бір қызығы, Ерасылдың үстінен қозғалған қылмыстық іс әлі тоқтатылмапты. Яғни, 300 бас қойдың жоғалуына байланысты оның үстінен тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.