«Орынсыз әзілдеді»: Таразда жасөспірімді не үшін өлтіргені белгілі болды
Оқушы 8 жерінен пышақталып, ауруханада көз жұмды

Таразда 15 жастағы Оралбек Кетебаевтың өліміне себеп болған төбелестің мән-жайы айтылды, деп хабарлады КТК телеарнасы. Мектеп оқушылары арасындағы жанжал өткен аптада болған еді.
Жүрегі мен жамбасына және денесінің өзге де тұстарына 8 рет пышақ тиген Оралбек ауруханада көз жұмды. Онымен бірге болған достары түрлі дене жарақаттарын алып, үйде емделіп жатыр.
Оқиғаға куә болған жасөспірімдер төбелеске Оралбектің сәтсіз әзілі себеп болды дегенді айтып отыр. Марқұм бала құрдас қызбен әзілдеспек болған екен. Қыз ағасына айтып, мұның соңы жанжалға ұласқан. Күндіз төбелеспек болған балаларды үлкендер ажыратып жіберіпті. Олар кешке каналдың жанында жолығып, іске нүкте қоймақ болған.
«Әр тараптан төрт-төрттен бала болған. Олар алдымен каналдың бір жағасында төбелессе, бірнеше минуттан кейін арғы бетке өткен. Арғы бетте балаларды тағы 10 бала күтіп алып, бәрі жабылған», - дейді телеарна тілшісі.
Қазіргі таңда төбелеске қатысқан әр баланы полиция жеке-жеке тергеп жатыр. Басты күдікті – 16 жастағы жасөспірім. Полицейлер пышақ сермеген сол бала дегенді айтып отыр.