Солтүстік Қазақстанда полицейлер тағы да жол апатына ұшырады
Оқиға салдарынан жүргізуші мен жолаушы ауруханаға жатқызылды

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері тағы да жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше «Көкшетау – Рузаевка» тас жолында полиция автокөлігі жол жетіндегі жыраға түсіп кеткен.
«Hyundai Elantra қызметтік көлігінің жол апатына түсуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша жүргізуші рөлге ие бола алмай, жыраға түсіп кетіп, көлік аударылған. Оқиға салдарынан жүргізуші мен жолаушы – ішкі істер органдарының кезекші қызметкерлері түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды», - деп жазылған хабарламада.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында болады.
Еске сала кетейік, таяуда Ішкі істер министрі Ержан Сәденов әлеуметтік желідегі парақшасында Солтүстік Қазақстан облысында қызметтік міндетін атқару кезінде екі полицей жол апатынан көз жұмғанын жазған болатын.