Нұр-Сұлтанда әйел мен ер адам 8-қабаттан секіріп кетті
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

Елордада көпқабатты тұрғын үйден әйел мен ер адам секіріп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«21 маусым күні сағат 19.22-де қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 7 адам және 2 техника суицид жасағалы тұрған әйел туралы хабар бойынша Қабанбай батыр, 40 мекенжайына («Инфинити» тұрғын үй кешені) шықты. Автосатыны ашуға тұрақтағы көлік кедергі жасағандықтан, құтқарушылар дереу «өмір кубын» (ауа толы жастықша) дайындады», - делінген ТЖД хабарламасында.
34 жастағы келіншек төменге секіріп, құтқарушылар дайындаған ауа жастықшасына құлаған. Ол бірден жедел жәрдем көлігіне жатқызылды. ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, бүгін жоғары қабаттан ер адам да терезеден құлаған.
«Бізге бұл хабар түскенге дейін жоғары қабаттан ер адам құлады (немесе секірді). Оны да жедел жәрдем көлігі алып кетіп, көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта келіншек пен ер адам 2-қалалық көпсалалы ауруханада жатыр. Ер адамның жағдайы ауыр. Әйелге медициналық тексеру жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта.
Оқиға бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабымен» қылмыстық іс қозғалды. Терезеден секірген 31 жастағы ер адам мен 34 жастағы әйелдің бірге тұрғаны белгілі болды.