Шымкентте тоңазытқышта есірткі сақтаған әйел ұсталды
Ол салмағы 1 келіге жуық марихуана мен гашишті үйінде сақтаған
Шымкент қаласында 46 жастағы әйел үйінде тоңазытқышта полиэтиленді пакетке орап, есірткіге ұқсас заттарды сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz
«Қарасора-2020» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында есірткі затын заңсыз сақтау фактісі бойынша 1974 жылы туған әйел өз үйінде тоңазытқышта полиэтиленді пакетке орап, есірткіге ұқсас заттарды сақтағаны анықталды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар жалпы салмағы 1 келіге жуық марихуана мен гашиш есірткі заттары екендігі анықталды»,- делінген хабарламада.
Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Сондай-ақ, осы есірткі заттарының пайда болу жолдары мен оның заңсыз айналымға салыну деректерін анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйелге қатысты «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген хабарламада.