Астанада әскери музыкант тұрғын үйдегі камераның арқасында үлкен қайғының алдын алды (ВИДЕО)
Ол биіктен секірмек болған 19 жастағы қызды құтқарған

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Орталық ансамблі эстрадалық-симфониялық оркестрінің концертмейстері аға сержант Аббас Аппазов азаматтық позициясының арқасында 19 жастағы қызды бір ажалдан аман алып қалды, деп Azattyq Rýhy.
Аббас Аппазовтың айтуынша, 20 тамыз күні кешкі сағат 21.00-ге таман оған МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) жетекшісі телефон шалған екен.
«Маған хабарласқан ол сол үйде пәтер жалдап тұратын бір адамнан қорқынышты ақпарат алғанын айтты. Яғни, жоғары қабаттағы пәтерлердің бірінде бір қыз суицидке әрекеттенген екен. Мен өзім сол бірлестіктің мүшесі болғандықтан, бірден камераларды қарап, оқиғаны анықтай бастадым. Қарасам, бір адам 19 жастағы қызды есік алдына дейін әкелген екен, бірақ ары қарай үйіне кіргізбепті. Ары қарай тез әрекет етпесем болмайтынын түсінген мен бірден далаға шығып, биік балкондарды қарай бастадым, пәтерлердің есігін қағып, әлгі қызды іздей бастадым», - дейді Аппазов.
Аға сержан бір кезде далада ойнап жүрген балаларға «жолдан кетіңдер» деп айқайлап жатқан қыздың дауысын естіген.
«Биікке қарасам, жас қыз сырттағы балконға шығып алып, секірмекші болып отыр екен. Ақырын үйге кіріп, артынан барып, ұстап алдым. Оны тыныштандырып, учаскелік полицияны шақырып, соның қолына табыстадым», - дейді ол.