Ақтауда егде жастағы курьер тамақ тасып жүрген жерінде көз жұмды
49 жастағы марқұм базардың маңында құлап, жан тапсырған

Ақтау қаласындағы «Волна» атты базардың маңында ер адам есінен танып, көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жергілікті Lada.kz басылымының жазуынша, ер адам курьер болған. Қаланың 5-ші шағын ауданындағы «Волна» базарына қарай тапсырыс әкелген ол көшеде құлап, есінен танып қалған.
Адамдар қатты ыстыққа байланысты басы айналған шығар деген үмітпен курьердің бетіне суық су шашып, жедел жәрдем шақырған. Алайда, жедел жәрдем келгенше ер адам көз жұмған.
Маңғыстау облысының полиция департаменті хабарлағандай, базар маңынан өтіп бара жатқан адамдар түскі сағат 13:32-де жедел жәрдем шақырған. 1976 жылы туған ер адамның жүрегі тоқтап қалды деген болжам бар. Оның өлімінің дәл себебін медициналық сараптама көрсетеді.