$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.06.2020, 01:38
Оқиғалар

Балабақшада жұдырықтай баланы жұлқылап, құлағынан сүйрелеген

Тәрбиеші өз еркімен жұмыстан кетіпті

Балабақшада жұдырықтай баланы жұлқылап, құлағынан сүйрелеген

Әлеуметтік желіде жұдырықтай баланы жұлқылап, құлағынан тартып сүйрелеген тәрбиешінің әрекеті қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы. Педагог қатыгездік көрсеткен оқиға Алматы қаласындағы №7 балабақшада болған. Ал мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі жас маман «кішкентайлардың еркелігін көтере алмай, ашуға ерік берген» деп ақталып отыр. 

«23 жаста. Былтыр маусымда Алматы гуманитарлық университетін бітірген. Біз ол педагогтан неге осылай істегенін сұрадық. «Апай, өз-өзімді ұстай алмадым» деді. Айтқаны сол»,- дейді №7 балабақшасының меңгерушісі Гүлшат Рыспаева.

Тәрбиешінің төрт жарым жастағы балаға жұдырық жұмсағаны бейнебақылау камерасына жазылған. Бүлдіршінді білектің күшімен сабасына түсірген педагог әуелі баланы қатты жұлқып, кейін құлағынан сүйрелеп, келесі бөлмеге алып кетеді. Бір қызығы, оқиға ақпан айында болған екен. Жас маман кінәсін мойындап, ата-анасынан кешірім сұраған соң, балабақшадағы былық жабулы күйінде қалған. Ал әуелі сөгіс алған қызметкер көп ұзамай өз еркімен жұмыстан кетіпті. Бейнебақылаудағы жазбада тәрбиешінің тағы бір баланы күшпен тәртіпке салған сәті бар. Бірақ бұл жөнінде ешқандай мәлімет жоқ

«Алматы қалалық білім басқармасы аталған факті бойынша мән-жайды толық анықтауы үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдейді. Факті анықталған жағдайда балабақша меңгерушісінен бастап, барлық жауапты тұлғаларға заң шеңберінде тиісті шара қолданылатын болады. Тексеру аяқталғаннан кейін қорытынды нәтижесін хабарлаймыз», - дейді Алматы қалалық білім басқармасының бас маманы Қуандық Ешімет.

Серіктес жаңалықтары