«Қуырдақ қуырып бер»: қала әкімі балабақшадан тарақан тауып алып, оны директордың қолына ұстатты (ВИДЕО)
Ош қаласының мэрі Жеңісбек Тоқторбаев балабақшаларға рейд жүргізген

Қырғызстандағы Ош қаласының мэрі Жеңісбек Тоқторбаев шаһардағы балабақшаларға аяқасты рейд жасаған: бөбектердің жататын орнынан бастап дәретханадағы қағазына дейін тексерген оның видеосы желіде қатты таралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ош әкімдігінің ресми аккаунты таратқан ақпаратқа сүйенсек, мэр қаладағы №13 «Қиял» балабақшасына барған. Ол балалардың көрпе-жастығын, балабақшаның ыдыс-аяғын, сантехникасы, ойыншықтар мен өзге де құрал жабдықтарын толық тексеріп шыққан.
Тексеру соңына таман ол балабақшадағы бөлмелердің біріне кіріп келе жатып, еңкейгенде тарақан ұстап алған. Мектеп директоры «жәндіктерді уладық» деп ақталғанына қарамаған ол тарақанды директордың қолына беріп «күйеу балаға қуырдақ қуырып бер» дейді.
Айта кетейік, бүгін біз еліміздегі Тараз қаласының балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі баланы басынан пакетпен аяусыз ұрғанын жазған едік.