Көкшетауда дүкенде сатушы мен тұтынушы жанжалдасты

Әйелдер бір-бірінің денесін жарақаттаған

Көкшетауда дүкенде сатушы мен тұтынушы жанжалдасты

Көкшетау қаласындағы дүкендердің бірінде сатушы мен тұтынушының арасында болған келіспеушілік соңы бір-біріне қол жұмсауға ұласқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«17 маусымда Көкшетау қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының 31 жастағы тұрғыны хабарласты. Азық-түліктік емес сауда бутигінің қызметкері тұтынушының оған қарсы бұзақылық көрсетіп, бірден төбелес шығарғанын жеткізді. Кейін белгілі болғандай, сатып алушы сауда орнына келіп, сатушының тауарларын зақымдаған. Оқиғаның соңы төбелеске ұласқан. Бір-біріне жұдырық ала жүгірген әйелдер түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған. Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер Көкшетау қаласының 38 жастағы тұрғынын ұстады», - деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Қазіргі уақытта тергеу бөлімі аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.