Тағы бір Бишімбаев: желіде әйелін өлімші етіп сабап жатқан жігіттің видеосы тарады
Арада айлар өте Айдана Сәли бастан өткен қиын жағдайын баяндап отыр

Әлеуметтік желіде Айдана Сәли есімді келіншек күйеуі көрсеткен қорлықты жұртшылыққа жариялады. Ол наурыз айында күйеуінің үстінен арыз жазғанымен, кейін алып алған екен. Оған екінші мүмкіндік сыйлаған ол жолдасы ұрмайды деп сенген. Алайда, өзінің айтуынша, күйеуі жүкті екеніне қарамастан, ұрып-соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айдана Сәли бұл өз оқиғасын қыз-келіншектер абьюзер жігіттерден алыс жүрсе екен деген мақсатпен жазып отырғанын айтады.
«Бұл жазбаны жазу мен үшін өте ауыр, бірақ енді үндемей қала алмаймын. Жүктілігімнің бүкіл кезеңінде баламның әкесі - Адай Сәкеновтен зорлық-зомбылық көрдім. Жағдайыма қарамастан, ол мені ұрып, тұншықтырды. Қызымызға бір ай толғанда, ол бізді үйден қуып шықты. Біз қазір бір айдан бері бөлек тұрамыз. Маған физикалық әрі моральдық тұрғыда өте қиын, бірақ мен бұл туралы өзім үшін, қызым үшін және осындай жағдайға тап болуы мүмкін барлық әйелдер үшін айтып отырмын», - деп жазды Айдана Сәли.
Айта кетейік, желі қолданушылары өз әйелін ұрып-соққан Адай Сәкеновтың ағасы Айдос Сәкеновтің танымал блогер әрі кәсіпкер екенін жазып жатыр. Халық Айдана Сәлидің жазбасынан кейін оның бизнесіне «бойкот» жариялап жатыр.
Сондай-ақ Айдана Сәли күйеуі оны сабап, ұрып-соққан кездегі видеосын жариялаған. Видеода екеуінің түрі көрінбесе де, ер адамның әйелді қатты шапалақтап, есіңді жина деп айқайлап жатқанын естуге болады. Біз оқиғаның мән-жайын толығырақ білу үшін Айдана Сәлиден сұхбат беруін сұрап, хат жаздық.