$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.06.2020, 09:53
Оқиғалар

Он күн бұрын Оралда катер астында қаза тапқан әйел әлі жерленбеген

Марқұмның жұлынып кеткен басы да, қайғылы оқиғаға кінәлілер де әлі табылған жоқ

Он күн бұрын Оралда катер астында қаза тапқан әйел әлі жерленбеген

Оралда осыдан 10 күн бұрын қаза тапқан әйелді туыстары әлі жер қойнына тапсыра алмай отыр. Оған себеп, өзен арнасымен жүйткіп келе жатқан қайық оның басын жұлып әтеткен еді. Ғайып болған бас та, қайғылы оқиғаға кінәлілер де әлі табылған жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал марқұмның туыстарын бұл жағдай мүлдем есеңгіретіп тастаған. Олар: «Адамды турап өтетіндей үлкен қайық біздің өңірде өте аз екеніне сенімдіміз» - дейді. Бірақ осылай бола тұра, тергеу шараларының осы уақытқа дейін ешқандай нәтиже бермегеніне наразы. 

Марқұм Екатерина Ананьеваның отбасы 10 күннен бері қара жамылып отыр. 40 жасқа енді ғана толған әйелдің өлімі туралы қайғылы оқиға бүкіл туған-туыстарының еңсесін түсірген. Ол жергілікті коммуналдық кәсіпорындардың бірінде еңбек ететін және екінші мамандық алуға жоғары оқу орнында білім алып жүрген болатын. Өкінішке қарай, бұл арман-мақсаты орындалмай қалды.  Фәниге атттанғанына оныншы күн болғанына қарамастан, жерлеуге мүмкіндік берілмеді, денесі әлі күнге мәйітханада жатыр.    

«Берген жоқ, өйткені ертең басы табылса оны сараптама жасап салыстыру үшін көрден қайтадан қазып алуға тура келеді деді. Бірақ олар істі созбалай бастады. Ал бір аптадан соң мәйіт толығымен қажет дейді. Себебі, денесінде қайықтың жарақаттарынан қалған із де сараптаманы талап етеді деген уәждерін алға тартты», - дейді марқұмның ұлы Роман Ананьев. 

Бүкіл қаланы дүр сілкіндірген қайғылы жағдай Шаған өзенінде болған еді. Екатерина саяжайдағы демалысы кезінде құрбысымен кісі қарасы көп бола бермейтін жағажайға шомылуға барған. Куәгерлердің айтуынша, өзенде моторы қуатты қайықпен аса қатты жылдамдықпен серуендеп жүргендер қайтар жолында жағадан 15 метр жерден оны қағып өткен.  Бір кері оралып қол ұшын созбастан оқиға орнынан қараларын батырған. Құтқарушылар судан марқұмның тек денесін ғана алып шықты. Ал басы әлі күнге жоқ, аяғы сиырқұйымшықтанып бара жатқан бұлыңғыр іс туыстарын да қатты алаңдатып отыр.   

«Мұндай жүрдек қайықтар қарапайым халықта жоқ. Сондықтан оның саны да аз. Егер тергеушілер дер кезінде мән беріп, бірден із кескенде, ары кетсе үш тәуліктің ішінде қылмыскерді табуына мүмкіндік әбден бар еді», - дейді марқұмның анасы Вера Ворожбет.    

Полиция қызметкерлері аймақта «мұндай оқиға алғаш рет болып отыр» дейді. Көптеген сараптама тағайындалған. Шаған өзенінің бойында 23 саяжай қоғамдастығы орналасқан. Жүздеген адамнан сұрастырғандарымен, еш нәтиже жоқ.

«Батыс Қазақстан облысы бойынша ресми тіркеуде тұрған 379 қайық бар. Әзірге дейін олардың 100-ден астамын сараптамадан өткіздік. Марқұмның денесіндегі жарақаттарды салуы мүмкін деп күдік тудырғандарын арнайы сараптамаға жібердік», - деді БҚО ПД бастығының орынбасары Асхат Теміржанов. 

Бұл істің жедел шешілуіне жақын маңдағы теміржол көпіріне орнатылған бейнебақылау камералары да көмек бола алар еді. Өкінішке қарай, ол онлайн режимінде жұмыс істейтіндіктен қорға ешқандай бейнежазба сақталмайды. Бұл мәселе бойынша бөлек тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Ал судағы көлік құралымен қозғалыс ережесін бұзу және кісі өлтіру дерегі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Серіктес жаңалықтары