Астанадағы бизнес-орталықтардың бірінен өрт шықты
Зардап шеккендер жоқ

Астанада бизнес-орталықтардың бірінде өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. Оқиға Қонаев көшесінде орналасқан нысанда болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, ғимараттың сыртқы бөлігіндегі жылу оқшаулағыш материал жанған.
«Есіл ауданындағы Қонаев көшесінде орналасқан бизнес-орталықтардың бірінде қаптама астындағы жылу оқшаулағыш материалдың жануы тіркелді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жылдам жетіп, жалынның таралуына жол бермей, тілсіз жауды дер кезінде тоқтатты», – делінген хабарламада.
Өрттің себептері анықталып жатыр
Құзырлы орган өкілдері зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Қазіргі таңда өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
Қауіпсіздік – басты назарда
ТЖМ мамандары жеке және заңды тұлғаларға мынадай ескерту жасайды:
- Қаптама және оқшаулағыш материалдардың сертификатына мән беру
- Өртке қарсы құралдарды уақытылы тексеру
- Электр желілерін жаңарту
- Персоналды өрт қауіпсіздігіне қарсы оқыту.