Астана әуежайын су басты: жолаушылар видео жариялады
Оқыс оқиға әуежай жұмысына әсер еткен жоқ

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан құбырдан қатты қысыммен су атқылап жатқанын көруге болады.
Су құбыры зақымданған
Әуежайдың баспасөз қызметі Астана әуежайының халықаралық терминалының бірінші қабатында құбыр жарылғанын растады.
«2025 жылдың 27 шілдесі күні сағат 19:36-да Астана әуежайының халықаралық терминалының бірінші қабатында су құбыры зақымданды. Мамандар ақауды 20 минут ішінде жойды», - деп жазылған хабарламада.
Әуежай жұмысы тоқтаған жоқ
Компанияның мәліметінше аталған оқиға әуежай жұмысына әсер еткен жоқ.
«Рейстердің кешігу немесе тоқтатылу фактілері тіркелген жоқ. Әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр», - деп толықтырды әуежай қызметкерлері.
Еске сала кетейік, Екібастұзда жоспарлы гидравликалық сынақтар кезінде жылу құбыры жарылып, жер астынан атқылаған ыстық су 8 автокөлікті бүлдірді. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, оқыс жағдай «Екібастұз жылу желісі» ЖШС 530 мм диаметрлі құбырды жоғары қысыммен сынақтан өткізіп жатқан кезде болған.