Екібастұзда жер астынан атқылаған ыстық су 8 автокөлікті бүлдірді
Қысыммен атқылаған ыстық су жол жабынын бұзып, бірнеше көлікті қиратты
Екібастұзда жоспарлы гидравликалық сынақтар кезінде жылу құбыры жарылып, жер астынан атқылаған су салдарынан 8 автокөлікке зақым келді. Оқиға жергілікті дүкендердің бірінің маңында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарылыс асфальтты қопарып жіберді
Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, «Екібастұз жылу желісі» ЖШС 530 мм диаметрлі құбырды жоғары қысыммен сынақтан өткізген. ТМ-11 жылу магистралінде болған жарылыстан асфальт көтеріліп, сол аумақта тұрған көліктерді зақымдаған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 8 көлік зақымданды. Адам шығыны жоқ», – делінген әкімдік мәліметінде.
Куәгерлер видеоға түсіріп үлгерді
Желіде тараған видеоларда шашыраған ыстық судың автокөліктердің терезелерін сындырғаны байқалады. Куәгерлердің сөзінше, судың қысымы өте күшті болған.
Қалпына келтіру жұмысы басталды
Қазір оқиға орнында полиция, ТКШ бөлімінің өкілдері мен жылу желілерінің апаттық қызметі жұмыс істеп жатыр. Қалпына келтіру жұмысының нақты аяқталу мерзімі әзірге белгісіз.