$ 544.87  639.02  6.88
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада 49 адам Ресейге тапсырыс беремін деп 82 млн теңгесінен айырылып қалды

Еден жабындысын арзанға жеткіземін деп сендірген

Астанада 49 адам Ресейге тапсырыс беремін деп 82 млн теңгесінен айырылып қалды
Фото: Azattyq Rýhy

Астанада өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсеткен азамат ресейлік еден жабындыларын арзан бағамен жеткізіп беремін деп 49 адамды алдап, жалпы сомасы 82 миллион теңгеден астам қаржы жымқырған. Бұл туралы елордалық прокуратура хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жалған келісімшарттар жасап, желіде жарнама берген

Прокуратураның мәліметінше, сотталушы азамат жалған келісімшарттар жасап, азаматтарға Ресейден құрылыс материалдарын жеткізе алатынын айтып сендірген. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізіп, сенімді арттырған.

«Мысалы, жәбірленушілердің бірі оған 6 миллион теңге аударған. Бұл қаражатты алаяқ өз қажетіне жұмсаған», – делінген хабарламада.

Бұған дейін де түрмеде отырған

Сотта прокурорлар алаяқтың қасақана қылмыс жасағанын, оның қойылған міндеттемелерді орындай алмайтынын білгенін дәлелдеп шықты. Бұған қоса, оның осындай қылмысы үшін бұрын да сотталғаны анықталды.

Қылмыстық іс бойынша сотталушы кінәсін толық мойындады.

4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды

Сот үкімімен алаяқ 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, жәбірленушілердің азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары