Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 18 адамның жағдайы өте ауыр – Қисықова
Қазір қала бойынша 730 адам ауруханада жатыр
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 2620 адамға жеткен. Оның ішінде, балалардың да үлесі көп. Бұл жайында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.
«Нұр-Сұлтанда 2620 адамнан коронавирус табылды. Оның ішінде 270-і - балалар. 1829 науқас, немесе барлық науқастың 70 пайызы жазылып шықты. Өкінішке қарай, 14 адамға толық көлемде медициналық көмек жасалса да, дерттен көз жұмды. Көз жұмған науқастардың жас ерекшелігі: 2 адам - 40-50 жас аралығында, 4 адам - 50-60 жас аралығында, 8 адам - 60 жастан жоғары», - деді Сәуле Қисықова.
Басқарма басшысының айтуынша, марқұм болған 14 адамның бірнешеуі үйде емделмек болып, мамандарға жағдайы қатты нашарлағанда бір-ақ жүгінген. Олардың қазасына себеп болған тағы бір фактор - науқастардың көбінде қант диабеті, гипертония, қатерлі ісік сияқты жанама аурулар болған.
«Қазір қала ауруханаларында 730 науқас жатыр: оның ішінде 48 науқастың жағдайы ауыр, 18 адамның жағдайы тіпті ауыр, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді Қисықова.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан