«Мақсаты анық мұғалім еді»: Алматы маңында таксиде отырған барлық адам көз жұмды
Тіркемесінен ажыраған КамАЗ көлігі таксиді жаншып, барлық адам сол жерде көз жұмған

Алматы маңында жол апатынан жас мұғалім көз жұмды. Бұл туралы QAZBILIM GROUP компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денесі мәйітханадан табылды
«Көлік оқиғасы десе жаным түршігетін болды. Күні кеше ойнап-күліп, сабақ беріп жүрген мұғалім бүгін жоқ! Махаббат Нұрлыбекқызы QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінде ағылшын тілі пәні мұғалімі еді. 30 мамыр еңбек демалысына шығып, ауылға барамын деп дайындалып жүрген. Өкінішке қарай 28 мамырда Алматы маңында көлік апатынан көз жұмды. Отбасы, мектеп әкімшілігі 3-4 күн іздедік, бірақ денесі мәйітханадан табылғаны еңсені езіп кетті», - деп жазды ұстаз.
Оның айтуынша, марқұм ашық-жарқын, мақсаты анық қыз еді. Жаздай дайындалып, IELTS тапсырып, оқуды жалғастырамын деп жүрген.
Барлығы сол жерде көз жұмды
«Оқу жылының соңын аяқтады да кете барды. Бүгін ағасы денесін туған жері Аралға алып қайтты.Тағы да сол өзгенің қателігінен бір қыршын көз жұмды. Тіркемесінен ажыраған КамАЗ көлігі әріптесіміз мініп бара жатқан таксиді жаншып, барлық адам сол жерде көз жұмған», - деп атап өтті Аятжан Ахметжанұлы.
QAZBILIM басшысы қыздың ата-анасына, туған туыстарына, ет жақындарына ұжым атынан қайғыра көңіл айтты.
«Алла сіздерге сабыр берсін! Қайғыларыңа ортақпыз! Махаббаттың жаны жаннатта болғай! Біздің жадымызда мәңгі қаласың жақсы қыз!», - деп түйіндеді ол.