Қазақстанда 589 полиция қызметкері коронавирус жұқтырған
Олардың 170-і әлі емделіп жатыр
Қазақстанда коронавирус инфекциясы басталғаннан бері Ішкі істер министрлігінің 589 қызметкері вирус жұқтырған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министр денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінен басқа, ішкі істер органдарының да қызметкерлері вирус жұқтыру қаупі жоғары орындарда жұмыс істеген дейді. Тұрғымбаев көп адамның ауыруы соған байланысты екенін айтты.
«Төтенше жағдай кезінде және карантин кезінде Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлерінен басқа, ішкі істер органдарының қызметкерлері де тәуекелге барды. Жалпы, блок-бекеттердегі, көшеде жаяу жүріп, рейд жасаған мамандардың бәрін қосқанда, ІІМ-нің 7000 қызметкері жұмыс істеді. Яғни, олар да ауырған адамдармен тікелей байланыста болды. Сондықтан ІІМ-нің 589 қызметкері коронавирус жұқтырды, олардың 412-сі жазылып шықты. 170 адам әлі емделіп жатыр. Ауырғандар арасында полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары және әскерилер бар», - деді Тұрғымбаев.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан