«Су немесе жұмыртқадан уланған болуы мүмкін»: Көкшетауда 18 бала ауруханада жатыр
Балалар Ақмоладағы спорт шарасына әр қаладан келген

Бурабай ауданындағы Т.А. Уәлиев атындағы «Жақсы №2» спорт мектеп базасында балалар жаппай уланып, ауруханаға түсті. Қазірге дейін 18 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Nayzakokshe жазуынша, Қостанай мен Алматы қаласынан спорттық жиынға келген балалар бүгін таңғы сағат 4:00 шамасында Щучинскіден Көкшетаудағы инфекциялық бөлімге түскен. Олардың жасы онда.
Дәрігерлер ауруханаға түскенге дейін балаларға аудандық деңгейде алғашқы көмек көрсетіп, асқазандарын жуған.
«Балалардың жағдайы қанағаттанарлық, дене қызуы жоқ. Бізге дейін аудандық ауруханада асқазандары жуылған, мұнда емді жалғастырып алып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, балалар энтеровирустық инфекциямен ауырған. Вирусты кулердегі судан немесе жұмыртқадан жұқтырған болуы керек. Қазір нақты себебі анықталуда. Бүгін балаларды ата-аналары үйіне алып кетеді, жарыстарға қатыспайды», - деді аурухананың инфекциялық бөлім меңгерушісі Виктория Пичкунова.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 18 баланың бактериалды ішек инфекциясын жұқтырғанын растады. Мекемеде дезинфекциялық шаралар жүріп жатыр.
Сонымен қатар, ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігі («Санитариялық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тергеу амалдары басталған.
Науқас балалардың барлығына медициналық көмек дер кезінде көрсетілген. Дәрігерлер қазіргі жағдайларын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.