«Арзан бағада сәнді үй салып береміз»: астаналықтарды алдап жүрген әйел ұсталды
Ол жоқ үй үшін алдын-ала төлем алып алған

Астанада 27 жастағы қыз үй салып беремін деп, тұрғындарды алдап, 35 миллион теңгені қалтаға басқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Алаяқ өзін клиенттерге модульді үйлер салатын құрылыс компаниясының өкілі ретінде таныстырған. Полицияның мәліметінше, күдікті азаматтардан алдын ала төлем алып, кейін хабарсыз кетіп отырған. Алаяқтың арбауына түскен тұрғынның бірі полицияға арыз жазған. Оның айтуынша, «мердігер» модульді үйді тиімді бағамен салып беремін деп, шамамен 5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем алған. Кейін байланысқа шықпай қалған. Ал уәде етілген құрылыс жұмыстары басталмаған.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында Сарыарқа ауданының криминалдық полиция қызметкерлері 27 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Тергеу кезінде ол өз кінәсін мойындады», - делінген хабарламада.
Кейінірек полицияға тағы алты адам жүгінген. Күдіктіге қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды, ол азаматтардан бас-аяғы 35 миллион теңге жинап алған.