«Жыныс мүшесіне ауыр зиян тиді»: Павлодарда баланы теріс сүндеттеген хирург жеңіл жаза алды
Ол бір жыл мерзімге шартты түрде сотталды

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты кішкентай баланы сүндеттеп жатып, оның денсаулығына ауыр зиян тигізген хирургтің ісін қарап, оны бір жыл мерзімге шартты түрде соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қашан және қалай болған
2023 жылдың 23 тамызында хирург-дәрігер жас баланы сүндеттеп жатып, абайсызда оның денсаулығына ауыр зиян келтірген. Оның кінәсі толық дәлелденген.
Прокурор дәрігерді 1 жылға соттауды сұраған. Ал, баланың ата-анасы оған барынша ауыр жаза тағайындауды сұраған. Дәрігер болса, кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.
Сот неге оны шартты түрге соттаған
«Жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады және оны жасағаны үшін негізгі жазаның баламалы түрлері: айыппұл, түзеу жұмыстары, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары көзделген. Сот іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, бұл ретте дәрігердің асырауында жас үш баласының болуын, қылмыстық жауапкершілікке бірінші рет тартылуын, медициналық көмек көрсетуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді», - деп хабарлайды сот.
Осыған байланысты, сот дәрігерді мәжбүрлі еңбекке тарту арқылы 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына соттады.
«Сондай-ақ ол бір жыл бойы хирург ретінде медициналық қызмет көрсету құқығынан айырылды», - деп хабарлайды сот.