«Сондай жағдай болып қалды»: сотта күдікті Дидар Қалиахмет жауап бере бастады
Оның алдында басты айыпталушы Шынасыл Абзал жауап берді

Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты тікелей эфирде өтіп жатқан сотта күдікті Дидар Қалиахмет жауап бере бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оған ең бірінші болып адвокаты сұрақ қойды. Жауап берместен бұрын ол Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа көңіл айтты
«Мен Қалиахмет Дидар Еркінұлы, біріншіден Қаржабау ағадан, Қаржаубай ағаның отбасынан кешірім сұраймын. Қаза қайырлы болсын. Сондай жағдай болып қалды», - деді ол жауабын бастай отырып.
Оның айтуынша, ол бұған дейін куә ретінде жауап берген Санат Әбдіқадыр оның ағасы. Сол күні екеуі моншаға барғысы келген.
«2024 жылдың 3 қазанынан 4 қазанына қараған кеште, кешкі сағат 18.00-де маған Санат Әбдіқадыр хабарласып, моншаға барайық деді. Мен ОЛХ желісінен монша таптым, ол кешкі сағат 22.00-де босайды екен. Біз соған бардық. Моншаны екі сағатқа алдық. Түнгі 00.00 кезінде бізді ініміз Дәулет Мұратов алып кетуге келді. Біз Санат екеуміз моншаны жарты сағатқа ұзарттық. Дәулет Мұратов та бізбен отырды. Содан жарты сағаттан кейін шығып қызыл Элентра көлігіне міндік (Санат Әбдіқадырға тиесілі көлік). Менделев көшесіне жетпегенде оң жағындағы Қамажай дүкеніне келіп тоқтадық. Оның алдында сегіз-тоғыз бала тұрды. Бізге қарай амандасты, сосын біз де амандастық. Мен көліктен бірінші түстім. Ары қарай өтіп бара жатқанда ағам Санат Әбдіқадыровты марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев ұстап алып, «төбелеске келдіңдер ма?» деді. Сосын Санат Әбдіқадыров оған «мен шалмын ғой» деді. Нұрқанат «шалға ұқсамайсың ғой, қай жылғысың» деді. «Сен қай жылғысың?» деді ол Нұрқанатқа. Нұрқанат «1995 жылғымын» деді. Санат «Мен сенен кішкентай екенмін, 1997 жылғымын» деді. Біз дүкенге кірдік, мен пиво алып, сатушының столына қойдым. Артынан өзім танымайтын екі қыз келді. Артынан Қаржаубай мырза келіп, ештеме сатпайтынын айтып, шығарып жіберді. Артыма қарағанда Қаржаубай мырзаның қолынан пышақ көрдім», - деді ол.
Оның айтуынша, ағасы Санат пен Дәулет үшеуі көлікке мініп, үйлеріне қайтпақ болған. Машина жылжи бергенде мылтықтың дауысын естіген.
«Сосын, мен Санат пен Дәулетке «отыра тұрыңдар, мен барып көріп келейін дедім. Қарасам, Шота Руставели көшесінде адамдар төбелесіп жатыр екен. Мен бара жаттым да үш-төрт метр жүрген соң ішімнен «бала-шағам бар ғой, бұны қайтемін» деп көлікке мініп кетіп қалдым. Санат Әбдіқадырдың үйіне келгенде мені, әйелімді, інім мен оның әйелін алып кетті», - дейді ол.
Сот Дидар Қалиахметтің жауабынан тоқтатып, үзіліс жариялады.