«Теңізді толтыру үшін 4-5 жыл қажет»: Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңі басталды
Министр Көкарал бөгетінде Дүниежүзілік банктің өкілімен кездесті

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысындағы Көкарал бөгетінде Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахбамен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, тараптар Солтүстік Арал теңізін сақтауға арналған жобаның екінші кезеңін іске асыру туралы сөйлескен. Министрлік жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін аяқтап қалған.
«Жоба бойынша Көкарал бөгеті жөнделіп, теңіз деңгейі 44 метрге дейін толуы керек. Сондай-ақ Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салынады», - деп хабарлайды министрлік.
Осы арқылы Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет.