«Баласын бірге-бір шығарған»: Ақтауда ұлын итше төбелестірген әке ұсталды (ВИДЕО)
Оған екі бап бойынша айып тағылды

Ақтауда ер адам баласын қатарласымен төбелестіріп, камераға түсірген деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Instagram әлеуметтік желісінде Ақтауда болған оқушылардың төбелесі жарияланды. Видеоның сипаттамасына сенсек, ер баланы әкесі басқа ұлдармен далада төбелестірген, оған қоса «соңына дейін жеткіз» деп ұлын қайрап тұрған.
«Әкесінің айтуынша, бірнеше бала оның баласын «сындыруға» келген, содан бірге бір шығарған. Тіпті араласып, ажыратуға ниеттенген жігітті қайтарып жіберді», - делінген жазбада.
Полиция оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Төбелеске қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факт бойынша баланың әкесіне ҚР ӘҚБтК-нің 127 және 128-баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деді құқық қорғау органының өкілі.
Сондай-ақ әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберу үшін материал дайындалып жатқанын хабарлады.