Петропавлда дәмхана әкімшісі тамақ ішуге келген әйелдің түр-келбетін мазақтап, арықтауды ұсынған
Тұрғын өзінің тек тамақтың сапасына байланысты сын айтқанын жазды

Петропавлда тұратын әйел жергілікті кафенің асына шағымданған соң, сөз естіген. Тамақтану орнының әкімшілігі тұтынушының сынын теріс қабылдап, дөрекі жауап беріп, сырт келбетіне тиіскен. Әйел екеуара жазылған хатты әлеуметтік желіге жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тұрғынның сөзінше, ол кафедегі ішіп-жеген асының ақысын толық төлеген, бірақ тамақтың сапасына көңілі толмаған.
«UNO гриль-бардың іші әдемі болғанымен, тамағының сапасы көңіл көншітпейді. Оған қоса қызмет көрсетуі және тұтынушымен қарым-қатынасы да нашар болып шықты. Кез келген тұтынушы өз пікірін әлеуметтік желіде жариялауға құқылы. Мен де өзімнің жеке парақшамда кафенің тамағы туралы пікір қалдырдым. Бірақ кешірімнің орнына сөз естідім», - деп жазды ол.
Әйелдің жария еткен хаттарында кафе әкімшілігі «енді сізді көрмесек, қуанар едік, түріңізге қарасақ, жағдайыңыз мәз емес сияқты», «бізге бәрібір», «өзіңізге қарамайды екенсіз, арықтауды да ойламайтын сияқтысыз» деген жауаптар қайтарған.
Тұрғынның сөзінше, кафе әкімшілігі осы әңгімеден кейін оны бұғаттап тастаған. Бірақ түннің ортасында қайтадан қорлық сөздер жазып, мазасын алған.
«Дина деген қыз түнгі сағат екіге дейін жазып, өзінің бапкерін ұсынып, бірақ оның мені арықтата алмайтынын айтып қорлады. Арадағы түсініспеушілікті жоюды ойлаған да жоқ. Маған аудио жазбалар жіберіп қоқан-лоқы жасады, тіпті видео байланысқа шыққысы келіп, қоңырау шалды», - деп жазды тұрғын.
Әйелдің айтуынша, өзін қорлаған қыз келесі күні таңертең тағы да хабарласып, мазалаған.
Петропавл тұрғындары осы жағдайдан кейін 2GIS қосымшасына ғимарат туралы жаппай наразы пікірлер жазды.
«Тұтынушыларға қарым-қарым қатынасы сұмдық», «жабылуын күтіп отырмыз», «қызметкерлері этиканы сақтамайды, сын айтсаң, өзіңді қорлайды», «қызмет көрсету сапасы – нөл, тамағы дәмсіз, өз бағасына тұрмайды» деп жазған қолданушылар.