$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Не көлік жоқ, не ақша жоқ»: Қызылордадағы автосалон дауынан 15-тен аса адам жапа шекті

Олар сот үкіміне қарсы

«Не көлік жоқ, не ақша жоқ»: Қызылордадағы автосалон дауынан 15-тен аса адам жапа шекті
Фото: Freepik

Қызылордалық Гүлімшат Еркін былтыр армандаған Toyota Camry көлігін несиеге рәсімдеп, заңды түрде сатып алған. Алайда қазіргі сәтте көлігі қылмыстық іске қатысы бар заттай дәлел ретінде танылып, арнайы тұрақта тұр. Бұл даудың басы «Сұңқар авто» автосалонынан басталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен көлікті жеке адамнан сатып алдым. Құжаттары түгел, еш күмән болмады. Қолма-қол ақшаны беріп, жетпегеніне несие алып, 12 миллион теңгеге сатып алдым. Көлік менің атыма өтті. Бірақ үш ай өтпей жатып полиция хабарласып, көлігімнің қылмыстық іске қатысы барын айтып, оны алып қойды. Желтоқсаннан бері қамауда тұр. Қазір мен не көліксіз, не ақшасыз қалдым», - дейді Гүлімшат.

Алаяқтық па, немқұрайлылық па?

Гүлімшаттың сөзінше, көліктің алғашқы иесі өзінің Toyota Camry көлігін «Сұңқар авто» салонына сату үшін апарып, келісімшартқа отырған. Салон иесіне барлық құжатын аударып берген. Салон өкілдері оған «14 жұмыс күнінде көлігіңді сатып, ақшаңызды береміз» деп уәде берген. Бірақ көлік сатылып кеткенімен, иесіне ақша берілмеген. Алғашқы иесі сотқа жүгініп, көлікті қайтаруды талап еткен.

Көлік сол арада бірнеше қолдан өтіп кеткен: автосалон делдал сатып, ол Гүлімшатқа сатқан. Салдарынан 15-тен аса адам адал жолмен сатып алған көліктерінен айрылып отыр.

«Күйеуім таксист болып, ақша табатын еді. Енді не көлік жоқ, не табыс жоқ. Банктегі несиені тоқтата тұру үшін өтініш жазуға мәжбүр болдық», - дейді Гүлімшат.

Сот шешімі: көліктер алғашқы иелеріне қайтарылсын

Гүлімшаттың айтуынша, алғашқы иелер сотта көліктерін қайтаруды талап еткен. Олардың кейбірі автосалоннан ақшаның белгілі бір бөлігін алып үлгерген. Соған қарамастан, сот көлікті сол иелеріне қайтару туралы шешім шығарған.

«Менің жағдайымда алғашқы иесі салонға сатқан соң, ақшасын ала алмаған. Бірақ тағы 15 шақты адам бар дедім ғой, солардың ішінде кейбір бірінші иелер салоннан 70, 80 пайызына дейін ақшасын санап алған», - дейді қызылордалық тұрғын.

Оның айтуынша, кейбір алғашқы иелер көлікті қайтадан қайтару үшін сот отырысында бастапқы талаптарын өзгерткен.

«Бір кісі 5 млн теңге алған, бірақ сотта тек қана 2 млн теңге алдым деп тұр. Тағы бірі сот барысында көлігін салонға сатып, 7,5 млн теңгені алғанын мойындады, бірақ енді қалған 2,5 млн теңге керек емес, маған көлікті қайтарсын деп отыр. Олар ақшаны алғанымен қоймай, көлікті де  алғысы келеді. Бұл сонда қалай болғаны? Мүмкін олар салон иесімен бір мүддені көздеп отырған шығар? Ал мен секілді үшінші тарап сатып алушылары далада қалдық», - дейді Гүлімшат.

Ал Гүлімшат пен өзге жапа шеккендер сотқа куәгер ретінде ғана қатысып отыр. Іс сотқа қаңтардың 9 да өткен. Содан бері көліксіз қалған тұрғындар сандалып жүр. Сәуірде шыққан сот шешімі оларға тағы бір соққы болып тиді.

«Біз сотта ештеңе шешпейміз. Қарапайым куәгерміз. Бірақ шын мәнінде жапа шегіп отырған – біз. Біздің көлігімізді тартып алды, бізге ешкім түсініктеме бермейді», - деп күйінеді ол.

«Біз әділетсіздікке ұшырадық»

Гүлімшат пен басқа да көлік иелері бұл мәселені соңына дейін жеткізуге бел буып отыр. Олар облыстық сотқа аппеляция беріп, қажет болса Жоғарғы сотқа дейін баруға дайын.

«Біздің қылмыстық іске еш қатысымыз жоқ. Адал ақшамызға сатып алдық. Бірақ салон бір адамға ақша бермей, кейін оны сата салған. Енді бәрін бізден тартып алуда. Бұл – әділетсіздік. Біз бұл шешіммен келіспейміз. Ақыр соңына дейін күресеміз», - дейді Гүлімшат Еркін.

Айта кетсек, «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-бабына сәйкес, тұтынушы қауіпсіз әрі даусыз тауар алуға, сондай-ақ өзінің мүлкіне зиян келтірілген жағдайда өтемақы талап етуге құқылы.

Сонымен қатар, Азаматтық кодекстің 261-бабында адал сатып алушының мүлікке иелік ету құқығы қорғалуы тиіс екені нақты жазылған. Ал Конституцияның 26-бабы бойынша, ешкім өзінің заңды мүлкінен заңсыз айрылмауы тиіс.

Гүлімшат өз көлігін заңды жолмен, толық құжатпен сатып алып, өз атына тіркегеніне қарамастан, бүгінде көлігін пайдалана алмай отыр. Осылайша оның тұтынушы ретінде құқығы аяққа тапталып, қорғалмай отыр.

Серіктес жаңалықтары