Францияда есірткі саудасын қолдайтындар түрме қызметкерлеріне шабуыл жасаған
Билік бұл шабуылдарды террористік әрекет ретінде бағалады

Францияның түрмелеріне белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Олар бірнеше автотұрақтағы көліктерді өртеп, абақтыға оқ жаудырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
Францияның әділет министрі Жеральд Дарманен оқиғаны растап, мұны биліктің есірткі трафигіне қарсы күресінің күшеюімен байланыстырды.
«Бірнеше түрмеде қарауылдарды қорқыту фактісі болды, автомобильдерді өртеп, оқ атуға дейін барған», - деп жазды ол желідегі парақшасында.
Le Parisien газетінің мәліметінше, барлығы жеті түзеу мекемесіне шабуыл жасалған, олардың бесеуі елдің оңтүстігінде (Тулон, Экс-ан-Прованс, Марсель, Валанс және Ним қалаларында), екеуі Париж маңында (Вильпент және Нантерде) орналасқан.
Le Figaro дерегі бойынша, Тулонда түрменің алдынан өтіп бара жатқан көліктен автоматпен оқ атылған. Ал Марсель маңында Әділет министрлігіне тиесілі тұрғын үй кешенінің автотұрағында бірнеше көлікке бояу шашылып, артынан өртелген.
Бірнеше қалада шабуылдан кейін «DDPF - француз тұтқындарының құқықтары үшін» деген аббревиатура жолға жазып қалдырылған.
Франция билігі бұл шабуылдарды террористік әрекет ретінде бағалап, тергеуді Ұлттық лаңкестікке қарсы прокуратураға тапсырды.
Елдің ішкі істер министрі Брюно Ретайо жергілікті билікке түрме қызметкерлері мен мекемелерінің қауіпсіздігін дереу күшейтуді тапсырды.
«Мемлекеттің жауабы қатаң болуы керек. Түрмелер мен қызметкерлерге шабуыл жасағандар дәл сол түрмелерге қамалып, сол күзетшілердің бақылауында болуы керек», – деді ол.
Түрме қарауылының кәсіподағы биліктен түрме қызметкерлерін қорғауға арналған шұғыл шаралар қабылдауды талап етті. Бұл соңғы уақытта болған алғашқы оқиға емес. Жексенбі күні де Францияның Ұлттық түрме басқару мектебінің автотұрағында белгісіз біреулер жеті көлікті өртеген болатын.
Әзірге шабуылдар үшін жауапкершілікті ешбір қылмыстық топ өз мойнына алған жоқ. Дегенмен, AFP агенттігінің хабарлауынша, шабуыл жасалған орындарда «DDPF» жазуларымен қатар, анархистік ұрандар да табылған.