Актер Шәріп Серіктің анасы жазба жариялап, ұлынан таяқ жеген қызды айыптады
Ол таяқ жеген Әлия Бутееваның өзін кінәлады

Сүйіктісін соққыға жыққаны үшін 5 тәулікке қамалған актер Серік Шәріптің анасы Гүлнар Мұратқызы ұлын қорғап әлеуметтік желіге жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Гүлнар Мұратқызының сөзінше, актерден зәбір көрдім деген Әлия Бутеева болған жағдайды өзі ұйымдастырса керек.
«Ол өзінің арам пиғылын алдын-ала жоспарлады. Менің ұлым онымен арақатынасын әлдеқашан үзсе де ұлымды аңдыды, артынан қалмады, үйін күзетіп жүрді. Ақырында 8 ақпан күні сол жоспарын іске асырды. Менің ұйықтап жатқан ұлымның пәтеріне қандай мақсатпен және қалай кірді? Ол сол күні арам пиғылын іска асырып лифтідегі видеожазбаны ол үйде тұрмаса да заңсыз қолына алды», - дейді Шәріп Серіктің анасы.
Гүлнар Мұратқызының сөзіне сенсек, оқиға екі ай бұрын болған.
«Бетіне шапалақ тисе неліктен сол күні 8 ақпан күні полиция шақырмады, экспертиза жасатпады, арызданбады. Неге 2 ай өткеннен кейін яғни 4 сәуір күні полиция бөліміне менің ұлымды қаралап арызданады? Неліктен полиция бөлімінде қасындағылар «осылай айт» деп балама видео жазуға мәжбүрледі?» - дейді ол.
Актердың анасы Әлия Бутеева Шәріп Серікті пайдаланып, шетелге шығып, киімдер алған, тіпті оның арқасында танымалдыққа да қол жеткізіпті.
«Ол 2 жыл бойы ұлымды пайдаланды. Оның нақты жұмысы жоқ. Шетелге қандай қаражатпен барып, әдемі киім киіп жүр? Ол әрдайым өз сөзінде елге танымал болғысы келетінін жиі айтатын. Арманына жетті, танымал болды, оқырман жинап алды. Ел-жұртқа «жалған айтып» жала жауып ұлымды қаралады. Бәріде ұмытылады. Бірақ бір Аллам ұмытпайды. Ол жазасыз қалмайды. Біреуге ор қазба, өзің сол орға түсерсің деген»,- дейді Гүлнар Мұратқызы
Еске салсақ, таяуда актер Серік Шәріптің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева желіге жазба жариялап, зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын айтты. Осыдан кейін қоғамда көпшілік пікірі екіге бөлініп, бірі актерды жақтап, бірі сынап жатты. Белгілі кинокомпания Серік Шәріппен келісім-шарттарды үзіп, оны «қара тізімге» қосты. Кейін актер Әлия Бутееваны шапалақпен ұрғанын мойындап, кешірім сұрап, видео жазды. Серік Шәріптің бұрынғы жұбайы SayMo атымен танымал репер Мөлдір Есембек те одан қорлық көргенін айтып, соның кесіренен әлі күнге дейін психологтардың еміне жүгінетінін айтты.