Костанайда 7 жастағы қыз пневмониядан көз жұмды: ата-анасы дәрігерлердің салғырттығына шағымданып отыр
Қазір тергеу жүріп жатыр

Костанайда №22 мектептің 7 жастағы оқушысы Раяна Қабжанованы дәрігерлер бір ай бойы теріс емдеген. Соның салдарынан оқушы ауруханада қайтыс болды. Қайғылы жағдай қыздың отбасы мен қалалық қоғамдастықтың назарын аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ата-анасының айтуынша, Раяна биыл 28 ақпан күні жөтеліп, температура шыға бастаған. Анасы оны №3 емханаға апарған. Бірақ дәрігерлер балаға жай суық тиіп ауырған деген диагнозбен оған сироп пен антибиотик жазып берген. Бала қатты ауыра бастаса да дәрігерлер оның жағдайына тиісті баға бере алмаған.
«Қызым дәрігерлердің немқұрайлылығынан қайтыс болды. Біз емханаға 20 күндей барып, жедел жәрдем шақырдық. Бірақ ешкім жағдайдың ауырлығына мән бермеді. Ауруханаға өзім апарып, жатқызуды талап еттім», – дейді анасы Динара Қабжанова.
Осылайша, бір айға жуық ауырған баланы 15 наурыз күні анасы ауруханаға жатқызған. Дәрігерлер ем тағайындағанымен, жағдайы жақсармаған. Ата-анасы ақылы палатаға ауыстырғаннан кейін ғана баланың нақты диагнозы анықталған: осы аралықтың бәрінде марқұм бала пневмониямен ауырған екен. Осылайша, 19 наурызға қараған түні қыз бала көз жұмған.
«Неге мұны ертерек анықтамады? Қажет болса, ақшасын табар едік. Бірақ енді бәрі кеш. Біз әділдік сұраймыз. Басқа балалар осындай салғырттықтың құрбаны болмасын», – деп мәлімдеді Раянаның ата-анасы.
Аурухананың өкілі хабарлағандай, қазір ата-анасы полицияға арыз жазып, тергеу басталған. Мектеп директоры да қыздың тәрбиелі, ерекше бала болғанын айтып, отбасыға көңіл айтты.