$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бүгін қасиетті Қадір түні - мұсылмандар қандай амалдарды орындағаны абзал

Қадір түні – мұсылмандар үшін құлшылық етіп сауапқа кенелетін ең ұтымды уақыт

Бүгін қасиетті Қадір түні - мұсылмандар қандай амалдарды орындағаны абзал
Фото: astana.citypass.kz

Бүгін барша мұсылман қауымы үшін қасиетті – Қадір түні. Ислам ғалымдарының пікірінше, Қадір түні Рамазан айының 27-жұлдызына сәйкес келеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Қадір» сөзі араб тілінде қадірлі, қасиетті, дұрыс дегенді білдіреді. Шариғат тұрғысынан бұл түннің мағынасы: «Алла Тағала бір жылда болатын барлық істерді белгілеп, олардың жазылуын өз үкімімен шешетін түн» деп түсіндіріледі.

Қадір түнінде Құран Кәрім түсе бастаған. Құранның «Қадір» сүресінде Алла Тағала былай дейді: «Біз Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні барлық іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер мен Жәбірейіл рухы түседі. Таң атқанша тыныштық орнайды».

Бұл аят Қадір түнінің адамзат үшін ерекше маңызды екенін білдіреді. Сол себепті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде мұсылмандарды Рамазанның соңғы он түнінде Қадір түнін іздеуге, оның сыйын табуға және осы түні құлшылық жасауды ұсынған.

Қадір түнінде қандай амалдар жасау керек?

Дұға жасау: Бұл түнде Алла Тағала құлдарын кешіреді және олардың тілектерін қабыл етеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Қадір түнінде дұға жасап, Алладан кешірім сұрауды насихаттаған. Бұл түні Алладан тілек тілеп, шын жүректен дұға жасап, кешірім сұрау керек.

Истиғфар (кешірім сұрау): Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі» деп айтқан. Айша анамызға «Аллаһуммә иннәкә афуун тухиббул-афуә фағфу әнни (Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш)», – деп айтуды тапсырған. Сол себепті, бұл түнді мұсылман баласына истиғфар айтып, Алладан барлық күнәлар үшін кешірім сұраумен өткізу қайырлы болмақ.

Қайырымдылық жасау: Қадір түнінде қайырымдылық жасап, мұқтаждарға қол ұшын созу - үлкен сауапты іс.  Пайғамбарымыз (с.а.с.) әрқашан мұсылмандарды қайырымдылыққа шақырған. Бұл түнде мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қолдау көрсету керек.

Зікір (Алланы еске алу): Қадір түнінде Алланы көп еске алып, зікір айту маңызды. «Субханаллах», «Аллаху Акбар», «Әшһаду ән лә иләһә иллаллах» деу жүректерді тазалап, Алланың рахымына жақындатады.

Тақ түндерді күту: Рамазан айының соңғы он күні ішінде Қадір түні болатынына үміттеніп, тақ түндерде құлшылық жасауға ерекше көңіл бөлу керек.

Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Бұл түнде түрлі ғибадат жасап, нәпіл намазын оқып, Аллаға жақындататын іс жасаған абзал. Құран оқу, барлық мұсылмандар үшін дұға ету, күнәлардан тәубе ету және уағыз-насихат тыңдау - Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне жетудің маңызды жолы болмақ.

Серіктес жаңалықтары