Атыраудағы Жем мен Қиғаш өзендерінің жағасындағы ауылдар судан қоршалатын болды
Қазақстанның 8 облысында су тасқыны болады деген қауіп өте басым

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 13 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің 67% аумағын қар басып жатыр.
«Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қазірдің өзінде қар ери бастағанын айтты. Бұл ретте еліміздің солтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және орталығында тоңның қалың болуы байқалып отыр. Қостанай облысында 150 см-ге дейін және одан да көп, Ақмола облысында – 139 см-ге дейін, Павлодар облысында – 159 см-ге дейін, Қарағанды облысында –132 см-ге дейін тоң бар. Болжамдарға сәйкес, наурыз және сәуір айлары жылы болады деп күтілуде, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол болады, бұл су тасқыны қаупін арттырады», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
«Қазгидрометтің» болжамына сай, тасқын қаупі жоғары сегіз облыс анықталған. Олар: Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстары.
Дереккөзге сүйенсек, қазір ТЖМ құрамында 37 мыңнан астам адам, 13 мың техника, 4 мыңнан астам су айдау қондырғысы және 640 қайық дайындалған. Төтенше жағдай қызметінің ұшақтары тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр. Сонымен қатар жалпы саны 1 мыңға жуық қызметкер, 120 бірлік түрлі мақсаттағы техника, 123 су айдау және 39 бірлік жүзу құралы бар ТЖМ күштері мен құралдарының резерві дайындалды.
«Атырау облысының әкімдігіне Жем мен Қиғаш өзендеріндегі қауіптің жоғары екенін ескере отырып, су айдындары бойында орналасқан елді мекендерді қорғау туралы міндет жүктелді», - деп жазады үкімет.