Беті мен мойны күйген: Петропавлда кәріз құбырындағы жарылыстан бес адам зардап шекті
Тергеу басталды

Петропавл қаласында кәріз коллекторында жарылыс болып, авариялық бригаданың бес жұмысшысы зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жазатайым оқиға 19 ақпан Жуков көшесіндегі үйдің ауласында болған. Кәріз коллекторындағы ескі құбырды бұзып жатқанда газ-ауа қоспасы жарылған.
«Оқиға салдарынан авариялық бригаданың бес жұмысшысы зардап шекті. Еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - деп мәлімдеді СҚО полиция департаменті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, жарақаттанған бес қызметкердің біреуі үйіне емделуге жіберілген. Қалған төртеуі ауруханада жатыр.
«Төртеуі қалалық көпбейінді ауруханада жатыр. Жағдайлары орташа, беттері мен мойындарын күйік шалған», - деді басқармадағылар.