Павлодарда мектептің мас күзетшісі 6-сынып оқушысын соққыға жыққан
Оқиға кеше, 19 ақпан күні болған

Павлодардағы орта мектептердің бірінде мас күзетші 6-сынып оқушысын соққыға жыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бала ауруханаға жүгінген.
«19 ақпанда мектеп күзетшісі мас күйінде 6-сынып оқушысының кеудесіне соққы бергені анықталды. Соның салдарынан кәмелетке толмаған бала ауруханаға жүгінді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша іс жүргізу туралы шешім қабылданды», - деп хабарлайды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күзетші қоғамдық орында мас жүргені үшін жауапқа тартылып, айыппұл алған.
«Сондай-ақ, мас күзетшіні жұмыс орнына жібергені үшін мектеп басшылығын жауапқа тарту мақсатында полиция департаменті облыстық білім басқармасына хат жіберді», - деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.