Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды – Прокуратура
Қалалық прокуратура Дулат Ағаділдің өліміне қатысты тергеу нәтижесін жариялады
Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қылмыстық тергеудің аяқталғанын хабарлады. Тергеу барысында оның өліміне дейінгі оқиғалардың хронологиясы қалпына келтірілген.
«Дулат Ағаділге ешқайда шықпау туралы бұлтартпау шарасын бұзғаны және тергеу органынан жалтарғаны үшін іздеу жарияланған. Осы себептерге байланысты Ағаділге қатысты бұлтартпау шарасы қамауға ауыстырылды. Осылайша, сот үкімінің міндетті түрде орындалуы туралы заң талабы бойынша полиция оны ұстап, қамауға алды», - делінген қалалық прокуратура хабарламасында.
Дулат Ағаділдің өлімінің себебін тәжірибелі сот-медициналық сарапшылар мен жоғары дәрежелі кардиологтардан тұратын комиссия зерттеді. Комиссия құрамына Ағаділдің жақын туыстарының өтініші бойынша тартылған сарапшылар да болған.
«Ағаділдің өліміне оған қойылған асқынған миокард инфаркты диагнозы себеп болды. Нәтижесінде, қан ұйығыштығы бұзылып, сол жақ жүрек қарыншасында қан жеткіліксіздігі байқалған. Сондай-ақ сарапшылар Ағаділдің денесінен жарақат белгілерін таппаған. Осыған орай, ағымдағы жылдың 25 мамырында Ағаділдің өлімі туралы қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты тоқтатылды», - деп хабарланады.
Еске сала кетейік, қоғам белсендісі Дулат Ағаділ уақытша қамау изоляторында қайтыс болды.