Спорт комитеті төрағасының орынбасарлары 400 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды
Олар Риддер қаласында салынған оқу корпусына қатысты ақша жымқырған деген күдікке ілінді
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарлары шамамен 400 миллион теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.
«Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу барысында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша ҚР Қылмыстық-процессуалдық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының бұрынғы және қазіргі орынбасарын ұстап, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамады», - делінген хабарламада.
Ұсталғандардың біреуіне қатысты сот 2 ай мерзімге «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Олар Риддер қаласындағы «Республикалық мамандандырылған олимпиадалық резервтік мектеп-интернаты» РММ-нің 300 орынға арналаған оқу корпусы» құрылыс объектісін салу кезінде іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін мердігердің шотына 380,8 млн теңге сомасында бюджет қаражатын аудару арқылы жымқырды деген күдікке ілінді», - делінген.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, тергеу мүдделері үшін басқа ақпарат жария етілмейді. Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді олардың кінәсінің дәрежесін анықтай отырып, сот шешеді.