Бір бала үшін 100 мың теңге алған: Астанада білім басқармасының бөлім басшысы 5 жылға сотталды
Ол сондай-ақ ұлын жекеменшік балабақшалардың біріне тіркеп қойып, ол үшін өтірік жалақы алып отырған

Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы өкілеттілігін асыра пайдаланып, ұлын жекеменшік балабақшаға орналастырғаны үшін және балабақшаға кезегіне ақша алғаны үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалына сенсек, ол басқармаға тікелей тәуелді мемлекеттік балабақшадағы меңгерушіні араға салып, ұлын жұмысқа тұрғыз деген тапсырма берген. Осылайша, ұлы 2021-2025 жылдар аралығында жекеменшік балабақшада құжат жүзінде жұмыс істеп, іс жүзінде ол жерге бас сұқпаған. Есесіне, осы аралықта 5,9 млн теңге жалақы алған.
«Сонымен қатар, білім бөлімінің басшысы балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдаудың белгіленген тәртібін бұза отырып, балаларды балабақшаға заңсыз және кезектен тыс қабылдау мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жалпы сомасы 300 мың теңге, яғни бірнеше рет әр бала үшін 100 мың теңге пара алған. Сот оны мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, түпкілікті 5 жылға соттады», - деп хабарлайды Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.