«Антын бұзды»: 1 млрд теңгеден астам ақша жымқырған Болат Мажағұлов 8,6 жылға сотталды
Сотта ол кінәсін мойындамаған

Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қалалық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасын басқарған Болат Мажағұловты 8,6 жылға соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, ол кінәсін мойындамаған.
«Сот Мажағұлов «Астана қаласының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы бола тұра, екі адамның көмегімен, 2016 жылы Есіл өзенінің жағалауындағы «Күн» субұрқағының құрылысын қоса алғанда, «Су сиқыры» және «Есіл өзеніндегі жарық иллюминациясы мен отшашу шоуы» шарасын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын сметалық бағаны арттыру, арзандау және сапасы төмен материалдарды қолдану арқылы талан-таражға салып, мемлекетке 1 млрд. теңгеден астам, аса ірі мөлшерде залал келтірген. Сотталушылардың кінәсі куәлердің айғақтарымен, тауартану зерттеуінің, маманның, сарапшының, аудитордың қорытындыларымен, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен расталды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сотта прокурор Мажағұловты 10 жылға, ал, екінші фигурант Капанинді 7 жылға соттауды сұраған.
«Сотталушы Мажағұлов кінәсін мойындамай, қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Сотталушы Канапин өз кінәсін мойындады, қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды немесе өкінуіне байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады. Сот жаза тағайындау барысында Мажағұловтың жас балаларын, Канапиннің өкінуін, тергеуге көмектескенін, жас балалары мен денсаулығын ескерген. Ал, Мажағұловтың антын бұзуы – ауырлататын мән-жай болып танылды. Осылайша сот Мажағұловты 8 жыл 6 айға, Канапинді 3 жыл 6 айға соттады», - деп хабарлайды Астана соттарының баспасөз қызметі.