Петропавл полицейлері отбасылық жанжалдан кейін асылып қалған ер адамды құтқарды
Жедел-тергеу тобы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Петропавлда отбасылық жанжалдың соңы қайғылы оқиғамен аяқтала жаздады. Патрульдік полиция мамандары өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтыспақ болған Петропавл қаласының тұрғынын аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«102» арнасына Былғары зауыты ауданында төбелес болғаны туралы хабарлама түскен. Аталған мекенжайға жедел түрде патрульдік полиция қызметкерлері аттанған. Оқиға орнына келгеннен кейін жанжалдың мән-жайын анықтап, ер адамды іздеуге кіріскен. Оны маңайдан таппаған соң, полицейлер үйге жапсарлас салынған қораны да қарауды жөн санаған. Тәртіп сақшылары өмірімен қоштаспақшы болып, мойнына арқан салып асылып тұрған ер адамды сол қорадан тауып алған. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Асхат Құрмашев және Руслан Қабдолов оқиға орнына дер кезінде келіп, ес-түссіз күйде болған Петропавл тұрғынын құтқарып қалды. Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылды.
«Мұндай сәттерде әрбір секунд маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Сәл кештеу келгенде, ер адамды ажалдан аман алып қалар ма едік? Көрер жарығы бар екен. Ол масаң күйде болған. Оның осындай әрекетке баруының нақты себебі белгісіз. Тек үй маңында болған көршілері отбасыда жанжал болғаны туралы айтты. Бұл мәселені арнайы мамандар анықтайды», - деді Петропавл қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны взвод командирінің орынбасары Асхат Құрмашев.
Полицейлер есін жиған ер адамды жақындарына тапсырып, ары қарай қызметтерін жалғастырған. Қала тұрғыны есепке алынып, онымен мамандар жұмыс істейді. Ер адамның мұндай қадамға не үшін барғаны, бұған дейін осы сынды жағдайлардың болған-болмағандығы анықталады.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО