Қазақстанның үш қаласына Ресей жылу электр орталығын салып береді: олар кімнің меншігінде болады
Үш жобаның алдын-ала құны шамамен 2,8 миллиард долларға тең
Ресей салып беретін жылу электр орталықтары олардың меншігіне өтпейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, еліміздің үш қаласында салынатын жылу электр орталықтарына Ресей тарапы тек мердігер ретінде қатысады.
«Үш жылу орталығын салуға үкіметаралық келісім бар. Тапсырыс беруші – Самұрық- Қазына компаниясы болып бекітілген. Ресей тарапы мердігер ретінде станцияларды тек салады. Салынып болған соң жылу орталықтары Самұрық- Қазынаның құзіретінде болады. Олар ешқандай да Ресей тарапына ауыспайды», - деді вице-министр.
Оның сөзінше, жылу орталықтары салынып біткеннен кейін баға тарифі беркітіледі. Содан кейін ғана инвестиция қайтарыла бастайды.
Еске салсақ, 2024 жылы 17 сәуірде Ресей мен Қазақстанның үкіметтері Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында 3 жылу электр орталығын салу туралы келісімге келген. Жаңа жылу электр орталықтары көмірмен істейтін болады. Болжам бойынша, олар 1 ГВт қуат өсімін береді. Үш жобаның алдын-ала құны шамамен 2,8 миллиард долларға тең.