Сарбаздың өлімі: жарыссөзде прокурор Дамир Досовты 13 жылға соттауды сұрады
Ол істің барлық дәлелін басшылыққа алды
Астанадағы қылмыстық істер бойынша ауданаралық әскери сотында 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловтың өліміне қатысты сот отырысындағы жарыссөзде прокурор сотталушыға 13 жыл беруді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы 19 жастағы сарбаз Марат Барқұловты атып өлтірді деп айыпталған сотталушы Дамир Досовты адам өлтіру бабы бойынша жазалауды сұрады.
Прокурор іс материалдары бойынша Дамир Досов әскери антты бұзып, қаруды қолдану тәртібін сақтамағанын айтты. Ол Досов осыған дейін әскери білім ордаларында білім алғанын еске салды.
«Сотталушының қаруды қолдана алмаймын деген сөзі негізсіз. Досовтың келесі уәжі тапаншаның ішінде оқ барын білмегенін айтқаны да негізсіз. Әскери қызметкер бола тұра өзінің берген әскери антын бұзғанын да істі ауырлату ретінде қарастыруға болады»,- дейді мемлекеттік айыптаушы.
Қылмыстық кодекстің 99- бабының 1-бөлігіндегі (кісі өлтіру) сәйкес, прокурор соттан Дамир Досовты 13 жылға соттауды сұрады. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың моральдық шығынын өтеуді сұрады.