Он бес ай көріспеген: отбасымен жылап қауышқан үш әйелдің әсерлі видеосы тарады
Израиль мен ХАМАС тұтқын алмасып жатыр
ХАМАС-тың тұтқынынан босап шыққан үш әйелдің отбасымен кездесу сәтінен әсерлі видеожазбалар жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасай отырып.
Израильдік әйелдер – 24 жастағы Роми Гонен, 31 жастағы Дорон Штайнбрехер және 28 жастағы Эмили Дамари 471 күннен кейін үйлеріне оралды.
Хореограф, биші Роми Гонен 2023 жылы 7 қазанда «Nova» ән фестиваліне шабуыл жасалған уақытта ұсталған. Газа секторына шекаралас аумақта болған фестивальға ХАМАС жасағы шабуыл жасап, 360 адамның өмірі қиылып, кейбірі кепілге алынды. Роми соңғы рет анасына хабарласып үлгерген. Ветеринар дәрігер Дорон Штейнбрехерді ХАМАС содырлары Газаның солтүстік-батыс шекарасына жақын Кфар-Азадағы пәтерінен алып кеткен. Дорон шабуыл кезінде WhatsApp арқылы жақындарына хабарласып, керуеттің астына жасырынғанын хабарлаған. Соңғы рет отбасына телефон арқылы «мені ұстап алып барады» деп айғайлаған дауысы жеткен. Оның отбасы 4 ай бойы оның өлі-тірісін білмеген.
Израиль мен Ұлыбританияның азаматтығын алған Эмили Дамари де Кфар-Азада ұсталған. Қақтығыс кезінде оқ тиіп, екі саусағынан айырылады. Ол соңғы рет анасына хат жазып, «жүрек» эмози жіберген. Эмили Ұлыбританияда өскен, 20 жасында Израильге келіп, жарымен танысқан.
Еске салсақ, Израиль мен ХАМАС арасындағы Газадағы соғысты тоқтату туралы келісім күшіне енді. Қазір тараптар тұтқын алмасып жатыр.