Айыппұлдың қағазын қолдан жасаған Астана тұрғыны 7 жылға сотталып кетті
Пара бергені үшін кінәлі болған ол айыппұл төлесе түрмеден құтылар еді

Астана қаласы Нұра ауданының прокуроры ірі мөлшерде айыппұл төледім деп жалған құжат тапсырған тұрғынның құйтырқы әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, сот бұл азаматты пара бергені үшін кінәлі деп тапқан. Алайда, оны түрмеге жаппай, 240,3 млн теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза кескен. Түрмеге жабылмайтынын естіген елорда азаматы прокуратураны да, сот орындаушыны да, сотты да алдап соқпақ болыпты.
«Кінәлі тұлға 196 млн теңге мөлшерінде айыппұлды ішінара төледім деп сот орындаушысына түбіртектердің көшірмелерін табыстаған. Алайда, Нұра ауданының прокуратурасы істі зерттей келе, бұл соманың мемлекет кірісіне түспегенін, ал айыппұлдың төленбегенін анықтаған. Оның берген түбіртегі жалған болып шықты», - деп хабарлайды Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Осыны білген ауданның прокуроры бұл адамды темір торға қамау керек деген ұсыныс айтқан. Сот оның өтінішін қанағаттандырып, азаматты айыппұл төлеудің орнына, 7 жылға соттап жіберді.