Пәкістандағы ұшақ апатынан екі адам аман қалған
Олардың бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Пәкістанда ұшақ апатынан екі адам аман қалған. Олардың бірі бұқаралық ақпарат құралдарына оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиға сілтеме жасап.
«Ұшқыш әуе лайнерін сәтті қондыра алмаған соң, ондағы жолаушылар дұға ете бастады. Дегенмен, ешкім ұшақ құлайды деп ойламады. Ұшақтың қайта қонатыны хабарланғанда, шамамен 10-25 минуттан кейін қатты соққы болып, есімнен танып қалдым. Көзімді ашқанда барлық жер түтін болды. Айналамдағылар айғайлап жатты», - дейді Мұхаммед Зубаир.
Ол көзін ашқаннан кейін тек өртті ғана көрген. Қауіпсіз жерге жеткенше, қолы мен аяғы күйіп қалған.
Естеріңізге сала кетсек, 22 мамырда Пәкістанның Лахор қаласынан Карачи қаласына ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырап, 97 адам қаза тапты. Бортта 99 адам болған.