$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Атырауда сүйіктісін екі баласымен бірге өртеп жіберген ер адам өмір бойына сотталды

Қанды қылмыс 2024 жылдың 25 сәуіріне қараған түні болған

Атырауда сүйіктісін екі баласымен бірге өртеп жіберген ер адам өмір бойына сотталды
Фото: ТЖД

Атырауда бұрынғы сүйіктісін екі баласымен бірге асқан жауыздықпен өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, сотталған ер адам әйел адаммен кездесіп жүрген. Алайда, кейін араларында туындаған келіспеушілік салдарынан әйел адам қарым-қатынасын тоқтатпақ болады. Алайда сотталушы жәбірленушінің мазасын алып, оның пәтеріне екінші қабаттағы терезе арқылы кіріп, қарым-қатынасын тоқтатса, бензин шашып өртейтінін айтып қорқытқан. 

Қылмыс 2024 жылдың 25 сәуіріне қараған түні Атырау облысының Индер ауданындағы бес қабатты үйде болған. Екінші қабаттағы пәтерден өрт шыққан. Өрт сөндірушілер жатын бөлмеден 10 және 7 жастағы екі баланың денесін алып шығарды. Балалардың анасы мен 1994 жылы туған ер адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Олар есінен танып қалған. Ал келесі күні әйел адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Жантүршігерлік қылмысқа күдікті сол күні Оралға бара жатқан жолда ұсталды. Ол марқұмның танысы – Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Тайпақ ауылының 31 жастағы тұрғыны Оразбек Саясат болып шықты.

Іс материалдарына сәйкес, марқұм Сағынтаева күйеуімен 2022 жылы ажырасып кеткен, оның екі баласы (бір ұл, бір қыз) болған. Кейін ол Оразбек Саясатпен көңіл жарастырып жүрген, бірақ қайғылы оқиғадан бір ай бұрын екеуі айырылысып кетті. Белгілі болғандай, әйел 2024 жылдың наурыз айында сүйіктісінің қоқан-лоққысына байланысты полицияға хабарласқан. Сол кезде де ер адам оның үстіне бензин құйып, өртейтінін айтып қорқытқан. Кейін олар татуласқанмен, қайтадан көңіл жарастырмаған.

Қайғылы жағдай болардан екі күн бұрын әйел Баймұратовпен TikTok желісінде танысқан. Ол оған бұрынғы сүйіктісінің пышақпен келіп, өлтіремін деп қорқытқанын айтқан. Сол күні кешке Баймұратовтың өзі Сағынтаеваның үйіне келіп, Саясатпен сөйлеспек болады. Алайда оны райынан қайтаруға тырысқанмен, ол бәрібір келіп, сотталушымен кіре берісте сөйлескен.

Дегенмен Сағынтаева бұрынғы сүйіктісі Саясаттың мінезін білгендіктен өміріне қауіп төніп тұрғанын сезіп, Баймұратовқа балаларымен бірге қалуын өтінеді. Соттың мәліметінше, олар кездеспеген.

Түнгі сағат екілер шамасында ер адам терезе арқылы пәтерге кіріп, дәлізде ұйықтап жатқан балаларды көреді. Осыдан кейін пәтерден қайта шығып, жол бойына жақын маңдағы жанармай құю станциясынан 5 литр бензин сатып алған, жолай жарнамасы бар парақшаларды жұлып алады. Осылайша ол пәтерге қайта кіріп, бензин шашып, өртеп жіберген. Көршілер балалардың айқайы мен жылағанын естиді. Айтуынша бұл дауыс шамамен бес минутқа созылған. Сағынтаеваның денесінің 90 пайызын күйік шалды, бірақ ол жағдайына қарамастан дәрігерлер мен полицияға өзін кім өртеп жібергенін айтып үлгерген. Ал өздерімен бірге қонып қалған Баймұратов терезеден секіріп, жарақат алды.

Ұсталған Оразбек Саясатқа аса қатыгездікпен, басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен, төтенше жағдайда, сондай-ақ бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру мақсатында екі немесе одан да көп адамды өлтірді деген айып тағылды.

Сот отырысында Саясат аффект жағдайында болғанын, тек пәтерге қалай кіргені және кіреберіске бір бөтелке бензин қалдырғаны есіне түскенін айтты. Алайда бұл сөздер расталған жоқ. Ол өз кінәсін мойындаған жоқ, жәбірленушілердің туыстарынан кешірім сұраған жоқ, куәгерлерді, сарапшыларды, сот өкілдерін тілдеп, балағат сөздер айтты.

Ал кеше, 28 қарашада Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оған үкім шықты.

Судья Зарема Хамидуллина сотталушыны кінәлі деп танып, оған жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол қаза тапқандардың туыстарына (қайтыс болған Сағынтаеваның анасы мен қайтыс болған балалардың әкесіне әрқайсысы 15 миллион) 30 миллион теңге моральдық шығын және және жәбірленушіге 6 миллион теңгеден астам материалдық өтемақы төлеуі тиіс.

Сотталушы сот үкімімен келіспей, өз наразылығын білдірді.

Серіктес жаңалықтары