Соңғы бір жылда қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру екі есе өскен
Қылмыстық жағдайдың 52%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар облысында тіркелген
13 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Қаржылық мониторинг комитетінің хабарлауынша, басты мақсат - қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қазақстандық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, сондай-ақ терроризмге қарсы қорғаныс шараларын жақсарту.
Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында республика бойынша қылмыстық жолмен алынған ақша және басқа мүлікті жария ету саласында 29 құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе көп. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
«Террористік немесе экстремистік әрекетті және терроризм мен экстремизмнің басқа да түрлерін қаржыландыру» бабы бойынша жыл басынан бері 2 жағдайт тіркелген, ал 2019 жылдың қаңтар-сәуірін айларында мұндай сипатта 1 құқық бұзушылық болды.
Өңірлер арасында қылмыстық жолмен алынған ақша және басқа мүлікті жария ету саласында болған жағдайларды ескерсек, Нұр-Сұлтанда – 8 (өткен жылдың сәйкес мерзімінде 4), Павлодар облысында – 4 (өткен жылдың сәйкес мерзімінде мұндай жағдай тіркелмеген), Алматы қаласында - 3 (өткен жылдың сәйкес мерзімінде мұндай жағдай тіркелмеген) құқық бұзушылық тіркелген.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті берген мәлімет бойынша, «Террористік немесе экстремистік әрекетті және терроризм мен экстремизмнің басқа да түрлерін қаржыландыру» бабы бойынша 2 құқық бұзушылық тек Алматыда тіркелген, өткен жылы дәл осындай жағдай Қарағанды облысында болған еді.