Биыл Нұр-Cұлтанда 150 көше мен 150-ге жуық аула салынады – Көлгінов
Қала әкімі шеткері аудандарды аралады
Бүгін қаламыздың «Сарыарқа», «Байқоңыр» және «Алматы» аудандарын аралап, әсіресе шеткері аймақтарда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым, деп жазды елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында.
«Биыл қалада 150 көше, 150-ге жуық аула салынып, 50-ден астам қоғамдық кеңістік жасақталады. Осылардың дені қала шетіндегі елді мекендерге тиесілі болады. Себебі биыл шеткері аймақтарға әлеуметтік, инфрақұрылымдық жағынан дамытуға басымдық беріп жатырмыз»,- деп жазды әкім.
Оның айтуынша, «Байқоңыр» ауданындағы Кирпичныйда 9 көшегее асфальт төселді. Тағы 1 көше жөнделіп жатыр. Агрогородок елді-мекенінде күзге дейін 21 көше, Юго-Восток елді-мекенінде 18 көше жөнделеді.
«Былтыр күзде спорттық ойын алаңын салып беруді сұраған «Байқоңыр» ауданындағы «Казгородок» тұрғындары бүгінде спорт және ойын алаңдарында балаларын ойнатып жүр. «Жастар» шағын ауданында аулаларды абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. «Ақбидай» елді мекенінде қоғамдық кеңістік жасалып жатыр. Алдағы уақытта тұрғындар игілігіне беріледі»,- деді Көлгінов.
Елорда әкімі тұрғындармен кездесіп, ұсыныс тілектерін тыңдады. Олар автобус бағыты, абаттандыру, жарықпен қамту сияқты бірқатар мәселе көтерді. Көлгінов мәселенің бәрі жоспарға алынды. Біртіндеп шешімін табатынын жазды .