Петропавлда полицейлер толғақ қысқан әйелді дер кезінде перинаталдық орталыққа жеткізді
Олар жарты сағат ішінде әйелді облыстық перинаталдық орталыққа аман-есен жеткізді
Солтүстік Қазақстан облысында патрульдік полиция қызметкерлері толғақ қысқан әйелді дер кезінде перинаталдық орталыққа жеткізуге көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy СҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға Петропавлға бара жатқан жолда болған. Ер адам мен оның жұбайы бесінші баласын күтіп жүрген екен. Көлік жүргізушісі жолда кетіп бара жатқан патрульдік көлікті байқап, дереу көмек сұрайды. Жағдайды естіген соң, СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары Ержан Оңбаев пен Константин Пеньков кезекші бөлімге хабарлап, маяк пен сиренасын қосып, әйел отырған «ВАЗ-2114» автокөлігіне жол көрсетіп, алда жүрді. Осылайша, олар жарты сағат ішінде әйелді облыстық перинаталдық орталыққа аман-есен жеткізді.
«Жігіттерге алғысым шексіз, оларға мықты денсаулық және сәттілік тілеймін! Жолда осындай жауапты әрі жедел көмек көрсететін қызметкерлер жүрген кезде қауіпсіздігімізге сенім артады екенсің», - деп атап өтті көмек сұраған азамат.