Атырауда сауда орталығынан шыққан өрттің себебі белгілі болды

Azattyq Rýhy

Өңірлік ТЖД қауырт желіні іске қосты

Атырауда сауда орталығынан шыққан өрттің себебі белгілі болды
Фото: Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Атырауда сауда орталығынан шыққан өртке электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп болған. Бұл туралы Атырау облыстық ТЖД қоғаммен байланыс тобы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ТЖД мәліметінше, «Байзар» сауда-ойын сауық орталығында алдымен балаларға арналған киім дүкенінің қоймасы жана бастаған. Өртті сөндіруге жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің 92 қызметкері мен12 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел жәрдем стансасының 2 бригадасы, Апаттық медицина орталығының 4 қызметкері, полиция департаментінің 50 қызметкері көмекке келді. Қосымша 23 техника мен жедел әрекет ету мекемелері жұмыс істеді. 

«Сауда орталығындағы өрт сағат 21:58-де оқшауланып, сағат 22:50-де толықтай жойылды.  Жалын шарпыған аумақтың жалпы көлемі шамамен 1000 шаршы метрді құрады. Өрттің шығуына алдын ала болжамға сәйкес электр желісінің қысқа тұйықталуы себеп болған», -делінген хабарламада. 

Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Соған қарамастан, «Байзар» ойын-сауық орталығындағы өрт оқиғасына байланысты төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында қауырт желі іске қосылды. Тұрғындарға 45-14-75 нөмері арқылы ақпараттық қолдау және шұғыл психологиялық көмек көрсету қолға алынды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.